Алматы мәслихатының депутаттары биылғы жылға арналған нақтыланған бюджеттің жобасын қолдады, — деп хабарлады мәслихаттың ресми сайты.
Алматы қаласы мәслихатының кезекті XXIV сессиясында 2024 жылға арналған бюджетке өзгерістер енгізілді. Қала әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, бұл түзетулер мемлекеттік сатып алулардан үнемделген қаржы, қаражаттың бір бөлігін 2025 жылға ауыстыру және басым бағыттарға қайта бөлу мәселелерімен байланысты.
«Қаражатты ауыстыру жобалардан бас тартуды білдірмейді. Бұл келесі жылы қайта жөндеу және күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Асқар Әмрин. Оның айтуынша, негізгі басымдық 2024 жылдың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
«Алматы қаласының әкімдігі алғаш рет қала маңындағы аймаққа қаржы бөліп отыр. Қаржы министрлігімен келісе отырып, Іле және Қарасай аудандарында «Алматы – Байсерке – Талғар» газ құбырының екінші тармағын салу үшін 95 жер телімін сатып алуға арналған тиісті бюджет бағдарламалары ашылды»,-деді әкім орынбасары. Бұл жобаның аяқталуы ЖЭО-ның экологияға теріс әсерін азайтуға, сондай-ақ Алматы агломерациясының халқына газды сенімді әрі үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Алматы қаласының жергілікті бюджетінен Алматы облысына 883,1 млн теңге аударылады.
Алматы қаржы басқармасының басшысы Қанат Сұхамбековтің айтуынша, 21,3 млрд теңге әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады.
Атап айтқанда, білім беру саласына 4 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы балабақшаларды жөндеуге, мектептер салуға және оларды жабдықтауға бағытталады. Денсаулық сақтау саласына 398,6 млн теңге студенттерге гранттар мен стипендиялар беруге, сондай-ақ жаңа медициналық мекемелердің жобалау жұмыстарына 21 млн теңге бөлінбек. Азаматтарды әлеуметтік қолдау және «Алматы жастары» бағдарламасына 1,4 млрд теңге қарастырылып отыр, бұл жас мамандар үшін 80 ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Көлік инфрақұрылымына 5 млрд теңге бағытталады, оның ішінде 4 млрд теңге қоғамдық көлікті субсидиялауға және 967,4 млн теңге Абай даңғылының жалғасын салуды жалғастыруға бөлінеді.
Сессия барысында Алматының 2030 жылға дейінгі тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы да мақұлданды. Аталмыш бағдарлама ескі және апатты үйлерді қайта жаңартуға, тұрғын аймақтарды, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ Бас жоспарға сәйкес қаланың эстетикалық келбетін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, депутаттар Алматының 2030 жылға дейінгі электр желілерін дамыту жоспарын қолдады. Бұл мегаполистің тұрақты энергетикалық жүйесін құру үшін жаңа қосалқы станциялар мен электр желілерін салуды көздейді.
Сессия аясында депутаттар коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету ережелерін бекітті. Депутаттар ұсынысы бойынша, әлеуметтік төлемдер 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 2025 жылғы 31 наурызға дейін төленетін болады. Бұдан бөлек, Ревизиялық комиссияның ережесіне түзетулер енгізілді.