“Өсетін елдің карты қазына, өспейтін елдің карты казымыр болар” деген дана қазақ. Бүгінгі жас, ертеңгі қария. Мұны әрқайсымыз әркез көңілге  түйіп жүрсек, алар асуымыз көп болмақ. Бүгінгі ұрпақ осынау бейбіт, тоқшылық заманның қадіріне жете түсіну үшін осы оқығаны баяндауға  бел будым.

2012 жылы ашаршылықтың өткеніне 80 жыл болғандықтан келесі ұрпаққа  ғибрат болсын деген оймен әкем Жұмашев Қойшыбай, Май ауданында  қажырлы еңбек сіңірген адамдардың бірі, өз әулетінің атынан өз  заманының белгілі азаматы, қасиеті мол адамының құрметіне арнайы құлпытас орнатып  дұға қылды. Ол- Бәтиұлы Мақат. Зираты  Саты ауылының “Төбеқұдық”  деген жерде орналасқан. Кеңес үкіметі қолдан жасаған ашаршылық зобалаңы бұл жерді де жалмаған, байлардың малдарын тартып алып, Сібірге айдап, қара халықтың да бір екі малын, арпа- бидайын тонаған.

Тарихтан да білеміз, қаншама қарапайым халық ашаршылықтан қырылып  қалды, қазір ғана шындықтың беті ашылып, қағаз бетіне жариялап отыр.

Сол кезде Мақат қажы ауылын аман сақтап қалу үшін даланың еркін жүрген киіктерін дұғамен тоқтатып, киіктің ақ сүтін қорек қылған екен.

Бәтиұлы Мақат 1863 жылы туған. Руы – Сырым (Досым). Әйгілі Малайсары тарханның бесінші ұрпағы (Малайсары Тілеуқабыл батыр, одан Бісмілдә, одан Арап, одан Бәти туады.) Бұл деректерді Д. Аяшиновтың “Сырым руының шежіресінен” көруге болады. Шежіреге, ата-текке көп мән берген халықпыз.  Ғалымдардың пікірінше, бұл этнобиологиялық тұтастыққа, дәлірек айтқанда, ұлттық тұтастыққа  ұласудың алғышарттарының бірі” (А.Сейдімбет,6 томдық,2 том, 78 бет).

Демек ата-тегімізді қадірлеп қастерлеуде  қазақ болмысымызға, ұлттық намысымызға жарасқан.  Жүнісбай Қошымұлы (1878-1947) ашаршылыққа  арнай жазған өлеңінің үзіндісі:

“Дүние-ай,  өткен күннен еш белгі жоқ,

Қандай болмақ, көз көрген шыдамаққа?

Киіз үй, отта ошақ, желіде құлын,

Шалқыған екі теңіз көлің қайда?

Алыстан қарақ-құрақ көрінетін,

Сыртта мал, іштегі жаның қайда?

Көрінбей шапқан жылқы бөгелектен,

Сары ат жүруші еді топтан бөлек.

Көмбеге құла атпен тіркес келгеніңде,

Сырым елі сыйынған  “Аруақ”  деп

Таулар тұр бізге қарап тірісіндей,

Айрылған мал мен жанның киесіндей.

Қол созып  серіктері дөң мен адыр,

Құлатпай қолтықтап сүйегендей.

Алда тұр Есепберген, Төбеқұдық,

Не көмек кеткенге аштық қырып.

Басына Мақат қажы  оқып құран,

Отырдық еске алып, көңіл бұзып.

Бес намаз жолдаймыз құдіретке,

Төріңнен тағдыр жақын, уақыт жетті.

Үш барған Меккеге жолбасшым-ай,

Болар ма шапағатын ақыретте.

Ғаламатын көрсетті фәни жалған,

Толтырды жерге қасірет, елге арман.

Қажы едің шарапатты ер түнеген,

Тілейміз ұрпағына бергей жәрдем.

Біз жүрміз бұл дүниенің азабында,

Залымның қолдан соққан дозағында.

Мехнатта жас жасап, күн өткізіп,

Дінсіздің күнде қорлық, мазағында…. ”

                                                          1934жыл.

Төбеқұдық басында 1970 жылға дейін қыш кірпіштен қайық тәрізді салынған зираты тұрған, табиғаттың алапат күштерінен аман қалған жоқ.

Қайыққа ұқсатып салынған қасиетті Меккеге үш рет барғанын (ақыры барғаны 1913 жыл) және ашаршылықтан кейін қайтыс  болғанын дәлелдейтін сияқты.

Алғашқы рет әкем осы кісі туралы нағашысы Оразайұлы  Қайыржаннан естіп, білді.

Нағашы атасы Оразай Мақат қажыға туыс және замандасы болып келеді. Сол заманнан қалған аңыз-әңгіме де бар. Дала киіктерін қолға үйретіп, күн көріп жүрген ауылда, бір жігіт түнде тығылып киіктің лағын сойып,  бала-шағасымен жеп қойыпты. Содан киіктер бұл күнде жоқ болып кетіпті. Мән жайды түсінген  Мақат ата әлгі жігіттің үйіне барып, сүйектерін сұрайды.  Сүйектерін жинағанда бір асығы жетіспепті. Оны жерге көміп, тіршілік иесі Алладан кешірім сұрап, дұға қылыпты. Содан ана лаққа жан бітіпті, ақсаңдап кең Сахараға  шауып кетіпті.  Ақсақ киік  туралы аңыз осыдан да шыққан шығар? Кім білсін, әлемде талай ғажайыптар көп ғой, бірақ бәрі де бір Алланың қолында.

Әлі күнге дейін сол мекеннен алдыңнан ақбөкендер мен киіктер кездесіп жүреді.

Шынар Қойшыбайқызы. Май ауданы, Ақшиман ауылы.

Имя (обязательно)Email (обязательно)Веб-сайт

Добавить комментарий