ӘКІМДЕР ЕСЕП БЕРДІ

23-ші қаңтар күні Ақжар ауылдық мәдениет үйінде жыл сайынғы дәстүр бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Темірболат Сарин, Ақжар ауылдық округінің әкімі Серік Құсайынов, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Нығметолла Қаббасов 2018 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде тұрғындар алдында есеп берді.

Сонымен қатар жиынға аудандық мәслихат хатшысы Ғибадат Арынов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алтынбек Байғалиев, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ерғанат Ахметов, аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Людмила Байкежанова қатысты.

Бұл науқандық шараға ауыл тұрғындары да әбден үйреншікті болып алғаны байқалады. Екіжақты кері байланыс орнатуға мүмкіндік бола тұра, ауыл тұрғындары тарапынан әкімдерге ешқандай сауал қойылған жоқ. Бұл – «өткен жылға өкпе жоқ» деген ойдың ұшқынын сездіреді.

 Қорытынды жиналыс барысында Ақжар ауылдық кітапханасының қызметкері Халида Құрмашева әкім есебіне ауыл тұрғындары атынан қанағаттанарлық деген баға берді.

Сондай-ақ, Май ауданы әкімінің міндетін атқарушы Т.Сарин мырзадан аудан орталығы мен Ақжар ауылының аралығындағы жол құрлысының күрделі жөндеуден өтуін сұрады. Және де ауыз су мәселесінің кезек күттірмейтін маңыздылығын айта келе, ағымдағы жылы атқарылса деген өтінішін білдірді.

Осыдан кейін Май ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Байғалиевтің ауыл тұрғындарына жылдық қорытынды есебі тыңдалды. Жиында Май ауылының өткен жылдық тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты жайында кеңінен тоқталды.

Жиналыс соңында Май ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірімжан Жексенаев ауыл әкімінің қызметіне табыс тілеп, ағымдағы «Жастар» жылының жемісті болуына тілектестік білдірді.

Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ, тілші.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *