Отбасы және балабақша байланысы

Отбасы-адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Ал балабақша – балалардың бал мекені. Яғни, еліміздің болашақ ұрпағының тәрбиелі де білімді болуына тікелей ықпал ететін отбасы мен балабақша. Осы орайда «бала – ата-ана – тәрбиеші» үштік пирамидасының ынтымақтастығын нығайту мақсатында, Май ауылының «Балдырған» бөбектер бақшасында, желтоқсан айының 11-шi жұлдызында ата-аналарға арналған «Ашық есік күні» өтті. Ата-аналар баласының, балабақшада қандай тәрбие алып, қандай оқу қызметтерін өтетінін, қандай ас ішіп, қандай жерде ойнайтынын біліп, бір күндік күн тәртібімен танысып, балабақшаның ұжымының жұмысына ризашылықтарын білдіріп кетті. «Ашық есік күні» есігімізді айқара ашып, ата-аналарды қуана қарсы алдық. Әрбір ата-ана балабақшаның оқыту үрдісіне қатысып, тәрбиешілердің оқу қызметтерінде қолданып жүрген инновациялық технологияларды көріп, үлкен қызығушылық танытты. Осыған сәйкес, «Таным» саласының ҚМҰҚ бөлімі бойынша, «Балдырған» аралас тобының тәрбиешілері М. Егинбаева және Б. Шакенова “1,2,3,4, цифрлары туралы өткенді пысықтау” тақырыбында оқу қызметін өткізді. Оқу қызметі барысында, тосын сәт ұйымдастырылып, «Білім ханшайымы» балаларға «ӨТШТ» технологиясы бойынша тапсырмалар берді. Тәрбиеленушілер үш тілде сандарды атап, берген тапсырмаларды қызыға орындады. Тәрбиеленушілер оқу қызметіне қызығушылықпен белсене қатысты.

Қорыта келе, ата-аналар балабақшада жүргізіліп жатқан жұмыстарды тәжірибе жүзінде көріп, шын жүректен алғыстарын білдірді. Сондықтан да, ата-ана мен балабақша үнемі тығыз байланыста болса, балаға бірдей талап қойып, тәлім-тәрбие берсе, тәуелсіз еліміздің ұл-қыздары жан-жақты дамыған азамат болып өсері анық.

Дюсекеева Айнур Темиршотовна
«Балдырған» бөбектер бақшасының әдіскері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *