ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

1 желтоқсанда Көктөбедегі аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған «Ел тірегі – Елбасы!» тақырыбында салтанатты мерекелік жиын өтті.

Көпшілік қауымды, барша аудан халқын Тұңғыш Президент күні мерекесімен аудан әкімі Ардақ Қаңтарбаев құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

— Қазақстан атты еліміздің, Тәуелсіздік атты басты құндылығымыздың синониміне айналған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік жолында атқарған істері мен ел үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Елбасының тәуелсіздік туын қолға ұстағалы бері әлем алдындағы, еліміз алдындағы көрсетіп келе жатқан ұлан-ғайыр қажыр-қайраты қайран қалдырады. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, ел сенімін арқалаған сарабдал саясаткер, әлемдік деңгейде өзіндік орны бар тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланған болатын. Баршаңызды Тұңғыш Президентіміздің күнімен құттықтай отырып, болашағымыз бекем, мемлекетіміз берік болсын дегім келеді. Егеменді еліміздің айтулы мерекесін атап өту мемлекет тағдырына тіреу болған Ұлт көшбасшысына деген зор құрмет деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев — қазақ халқының ынтымақтастығын жарастырып, бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниежүзіндегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға сүбелі үлес қосып, жаңа мемлекеттің келбетін қалыптастырды, елдің болашағын айқындап, экономиканың өрлеуіне ерекше серпіліс берді,- деп атап өтті аудан әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Мерекелік жиында Тұңғыш Президент күніне орай ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірінде өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға, аудан әкімнің қолынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.

Жуырда ауданымыздың 80 жылдығына орай өткізілген «Туған жер – ата-бабадан қалған ұлы мирас» атты ғылыми мәжіліске қатысып, белсенділік танытқан ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Жидебай Арықбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлнәр Өзіханова, аудандық аурухананың кадр бөлімінің инспекторы Әсем Сейілханова, мәдени ойын-сауық орталығының әдіскерлер кабинетінің әдіскері Раиса Долголовец, Ақшиман орта мектебінің мұғалімі Нұрбек Жұмаділов, А.Иманов мектебінің мұғалімі Берік Ескендіров, Малайсары мектебінің мұғалімі Маржан Өкеш арнайы сый-сияпат алды.

Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Сахнада «Айгөлек» би ансамблі (жетекшісі Динара Зембаев), Б.Жылқыбаев атындағы өнер мектебі, «Май әуендері» халықтық фольклорлық ансамблі (жетекшісі Жүсіп Сағындықов), «Асыл әжелер» тобы (жетекшісі Күләш Абылқасова) өнер көрсетіп, әсем әуен ел көңілін серпілтті. Сандуғаш Абсалямова «Елбасы» әнін шырқаса, «Әсем» тобы Елбасының жақсы көретін «Весна на Заречной улице» әнін орындады. Баскөл ауылының «Балауса» бишілер тобы, Майтүбек ауылының «Сударушки» әншілер тобы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Тұңғыш Президент күніне арналған мәдени іс-шаралар әр ауылдық аумақта жалғасып, еліміздің егемендік жылдарындағы жеткен жетістіктері насихатталды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *